“Рамазан айында жасалған бір игі іс
басқа айларда жасалған жетпіс игі іске тең”
(Хадис).
Ораза — Ислам дініндегі маңызды ғибадаттардың бірі, мұсылмандардың жылына бір рет өткізетін айрықша рухани тәжірибесі. Ораза әркім үшін әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін, бірақ оның негізгі мақсаты — кемелдену, өзін-өзі бақылау және өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылу. Бұл ғибадаттың мәні — тек тамақтан және сусыннан бас тарту емес, ол адам болмысын жаңартып, өзін-өзі бақылауға, сабыр мен шыдамдылыққа тәрбиелейді. Адамның тәнін ғана емес, жаны мен жүрегін де тазартуға бағытталған. "Аштық пен шөлдеудің мәні жанды асылдандыру мен жүректі жұмсартуда", — деп нақты айтылған.
Оразаның адам денсаулығына да пайдасы мол екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ол ас қорыту жүйесін демалдырып, ағзадағы токсиндердің шығуына ықпал етеді. Дұрыс және уақтылы тамақтану арқылы адам организмін нығайтып, иммунитетін күшейтеді. Ораза ұстаушы адам таңғы уақытта жеңіл ас ішуі мен кешкі уақытта тамақтанудың тәртібін сақтай отырып, денсаулығын қорғауға көңіл бөледі.
Оразада ауыз ашу — үлкен мәнге ие. Ораза ұстаушылар кешкі уақытта отбасымен, туыстарымен және достарымен бірлесіп, қуанышты сәттерін бөліседі. Бұл кештерде тек тамақтану ғана емес, ең бастысы – адамдар арасындағы бауырмалдық пен ынтымақтастық нығаяды.
“Рамазан айында жасалған бір игі іс басқа айларда жасалған жетпіс игі іске тең”- демекші, осы айдағы жасалған қайырымдылық— адамгершіліктің белгісі, бұл игі іс өзара көмек пен мейірімділікті нығайтып, қоғамда татулық пен бірлікті қалыптастырады.
Осыған орай біз де басшымыз Касенов Болат Нығметжанұлының бастамасымен Рамазан айында қайырымдылық жасауды жөн көрдік. Ұжымымыз Ақмола облысы білім басқармасының «Көкшетау қаласы, №4 арнайы мектеп-интернаты» оқушылары мен облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Көкшетау қаласы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» балаларына қажетті тұрмыстық құрал-жабдық пен азық-түлік қораптарын сыйға тартты. Өйткені, балалар — біздің болашағымыз, олар бізден жылулық пен қамқорлық күтеді. «Мыңның біріне бергенше, баланың біріне бер» дегендей, әр баланың қуанышты жүздерін көрудің өзі бақыт. Бүгінгі қайырымдылық акциясы олардың жүректеріне үміт сәулесін шашып, өмірлеріне қуаныш пен мейірім сыйлайды деп сенеміз. Бұл бастаманың да өзгелерге үлгі болары анық.
Қорыта айтқанда, Рамазан айы – бұл тек діни ғибадат жасау ғана емес, сонымен қатар адамзаттың рухани тазаруына, өзімізді жетілдіруге, жақсылық жасауға және өмірдегі ең маңызды мақсаттарымызға жетуге ұмтылатын ай. Алла Тағала тілеген дұғаларымызды қабыл етсін, мейірімін жауып, иманымызды күшейтсін! Сауабы мол Ораза айы құтты болсын!
Н.Тілеубаев
Ақмола облысы Дін істері басқармасының
«Конфессияаралық қатынастарды
талдау және дамыту орталығы»
КММ басшысының орынбасары