Азаматтық бастама
Бір елге – бір тал: туған жерге тағзымның жарқын үлгісі
5 маусым – Эколог күні қарсаңында Қорғалжын ауылында көпшілікке үлгі боларлық тағылымды іс-шара өтті. Қорғалжын өңірінің 1966 жылы туған азаматтары жерлестерінің басын қосып, «Бір елге – бір тал» атты экологиялық акция ұйымдастырды.
Игі бастаманың ұйытқысы болған Ауған соғысының ардагері Болат Құрманұлы Еркебуланов пен жерлесіміз жерлесіміз Қайырғали Әшімұлы Жарқынбеков туған өлкенің көркеюіне үлес қосуды азаматтық парыз деп санап, өз қатарластарын ортақ іске жұмылдырды. Акция барысында ауыл аумағына 190 пирамидалық терек пен 40 шие көшеті отырғызылып, жалпы саны 230 түп ағаш егілді.
Бұл – жай ғана ағаш отырғызу емес, болашақ ұрпаққа қалдырылған жасыл мұра, туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған шара Эколог күні мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мән-мағынасын айшықтай түсті.
Ағаш – тіршіліктің нәрі, табиғаттың сәні. Бүгін егілген әрбір көшет ертең саялы баққа айналып, ауылдың ажарын ашады. Сондықтан мұндай игі істердің тәрбиелік мәні де зор. Ол жастарды туған жерді қадірлеуге, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.
Қорғалжындық 1966 жылғы азаматтардың бұл бастамасы туған өлкеге деген құрметтің, бірліктің және елжандылықтың жарқын үлгісі болды. Өздерінің мерейтойлық жылын игі іспен өрнектеген азаматтар ауыл тұрғындарының алғысына бөленді.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген халқымыздың дана сөзі бар. Бүгінгі отырғызылған 230 көшет – Қорғалжынның келешегіне салынған инвестиция, табиғатқа деген қамқорлықтың нақты жемісі.
Туған жердің көркеюіне үлес қосқан 1966 жылы туған Қорғалжын ауылының азаматтарына, қос мектептің түлектері болған ұл-қыздарына ауыл тұрғындары атынан зор алғыс білдіреміз. Олар өздерінің мерейтойлық жылын елге пайдасы тиер игі іспен атап өтіп, туған жерге деген шынайы жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің өнегелі үлгісін көрсетті.
Бұл бастама – бірлік пен ынтымақтың, туған өлкенің болашағына деген қамқорлықтың жарқын көрінісі. Бүгін егілген көшеттер ертең жайқалған жасыл желекке айналып, келер ұрпаққа аманат болмақ. Осындай сауапты іс көпке үлгі болып, туған жерді түлетуге бағытталған игі бастамалардың қатары арта берсін!
Ботагөз Сембайқызы
Бір елге – бір тал: туған жерге тағзымның жарқын үлгісі
5 июня 2026
Заказать услугу
Оформите заявку на сайте, мы свяжемся с вами в ближайшее время и ответим на все интересующие вопросы.

