«Дінаралық диалог – бейбіт өмір кепілі»

Задать вопрос
17 октября 2024

«Дінаралық диалог – бейбіт өмір кепілі»

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...»

                                                                        Абай

 

     Еліміздегі барлық ұлттар тату өмір сүре отырып, бәсекеге қабілетті ел болуға күш салудамыз. Бүгінгі таңда бірлігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі кеткен елдерді ұмытпай, этносаралық татулығымызды арттырып келеміз. Орыс ақыны И.Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағыдай ауызбіршілік болмай, біріміз суға, бірімізге көкке, енді біріміз шөлге тартсақ, тоз-тозымыз шығып, осы күнге жетер ме едік?! Әкеміздің қанымен, анамыздың ақ сүтімен дарыған бауырмашылдық, қарапайымдылық, адамгершілік, тәрбиелілік сияқты адами асыл қасиеттеріміздің арқасында көк аспан астында бірлігімізді сақтап отырмыз. Татулық бар жерде бірлік бар, бірлік бар жерде тірлік бар деген осы емес пе?!      

Жоғарыда аталған осы бір қасиеттердің ешқашанда сәннен шықпайтыны да анық. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақ, адамдарды ешқашанда ұлтына, дініне, діліне, нәсіліне, жағдайына қарап бөлмеген.

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында «Заң мен сот алдында бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған.

Осы кезде ұлы ақын Абайдың сөздері еріксіз көңілге оралады. «Адамның баласы – бауырың» деген сөзі де жеке дара болмай, көпшіл, қоғамшыл, халықпен бірге бол, тағдырың, мақсатың халыққа арналсын дегені. Сол сияқты, адамның баласының бәрі бір – біріне неге дос болмаққа деген сұраққа Абай бабамыз былай жауап тапқандай:

         «Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен». Ендеше ішкен суың, жұтқан ауаң, татқан дәмің, басқан жерің, киген киімің, тұрысың мен жүрісіңде еш өзгешелігі жоқ адамзат баласы неге бір-біріне дос болмасқа?! Абай атамыздың бұл пікіріне қарсы шығар уәж жоқ. Меніңше, мүмкін де емес. Ендеше, Абайдың «адамға адам дос, бауыр» болуы керек деген ұлы қағидасын қалай әспеттесек те еш артықтығы жоқ.

         «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй хақ жол деп әділетті...»-

дей отырып, Абай Алланы сүйген адам бүкіл адамзатқа деген бауырмалдық сезімін қастерлеуі, хақтың жолы әділет екенін ұмытпауы және одан ауытқымауы қажет екенін ескертеді.

Осыған орай, Діннің атқаратын рөлі қандай? Діннің қоғам үшін алар орны ерек. Себебі, бейбіт өмір сүру - қоғамның басты қағидасы. Бұл үшін әр адамда сенім болады. Сенім бұл – дін. Дін – адамзат тарихы мен мәдениетінің құрамдас бөлігі. Әрбір дін әлемдік мәдениетке өзінің баға жетпес үлесін қосты.

     Әлемде болып жатқан қақтығыстардың басты себебі де осы діни бөлінушілік. Күні бүгінге дейін діни көзқарастардың екі тараптылығы мен халықтардың бір-бірлеріне сыйластықпен қарамауларының нәтижесінде соғыс, жанжалдар көп. Әлемнің төрт бұрышында да діни соғыстар орын алған. Сондықтан, біздің мақсатымыз – жер бетінде татулық орнату.

     Ішінара татулықты ғана көздемей, әлемдік достықты, дінаралық татулықты нығайту, қарым-қатынасты күшейтуді алға қоя отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дінаралық татулықты мәңгіге орнықтыру мақсатында 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін дүние жүзі тарихында алғаш рет қазақ даласында ұйымдастырды. Бұл бастаманы әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады. Олардың пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және экстремизм, терроризм сияқты құбылыстарды еңсеруге ықпал ететін болады. Отанымыздың «дінаралық үнқатысу, өзара үндестік» деп әлемді татулыққа шақырғаны үлкен жаңалық болғаны анық. Осы орайда Елордамызда салынған «Бейбітшілік және келісім сарайы» архитектурасының өзі: «Әлемнің төрт бұрышы бір күмбездің астында бірігіп, достықты, бірлік пен бейбітшілікті сақтайық» деп айтып тұрғандай.

     Әр үш жыл сайын өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі іс-шаралардың бірі болды. Съездің басты мақсаттары: адам тіршілігінің мызғымас қағидаттары ретінде бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті қабылдау, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасындағы өзара сыйластық пен төзімділікке қол жеткізу, адамдардың діни сезімін кикілжіңдер мен әскери іс-әрекеттерді ушықтыру үшін пайдалану талпыныстарына қарсы тұру.

     Содан бері 20 жылдан артық уақыт өтті. «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы уақыт ішінде жеті рет дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесуі өтіп, дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайғанын, өркениеттердің өзара үндестік тапқанын байқауға болады. Ағымдағы жылдың 8-9 қазан күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ХХІІ хатшылығы және жас діни лидерлер форумы өтеді. Отырыстың күн тәртібінде VIІ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінде қаралған әлеуметтік теңсіздікті жою, халықтың бай және кедей жіктерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, лаңкестікке қарсы іс-қимылды жалғастыру, дінді саяси мақсатта пайдалануды қысқарту және қақтығыстарды күш қолданбай, бейбіт жолмен шешу туралы атқарылған жұмыстардың қорытындылары бойынша пікір алмасу, сондай – ақ VIІІ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің күн тәртібі талқыланбақ. Ал Жас діни лидерлер форумының мақсаты әртүрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, жас ғалымдар мен саясаткерлердің жас өкілдерін қазіргі заманның өзекті мәселелерінің шешімдерін іздеуге, сондай-ақ сабақтастықты қамтамасыз етуге және дәстүрлерді сақтауға, дінаралық және мәдениетаралық диалог және рухани дипломатияны кеңінен тартуға бағытталған. Өйткені, бүгінде жастар тәуелсіз қазақ елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға ерекше көңіл бөлген және олардың инновациялық әлеуетін тиімді қолданған жағдайда мемлекет саяси және экономикалық табыстарға жетеді деген сенімдеміз!

 

 

        

Б.Касенов

Ақмола облысы Дін істері басқармасының

«Конфессияаралық қатынастарды

дамыту және талдау орталығы» КММ басшысы

 

 

 

Заказать услугу
Оформите заявку на сайте, мы свяжемся с вами в ближайшее время и ответим на все интересующие вопросы.
Вернуться к списку