КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ, ХАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
12 ноября 2026
КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ, ХАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Ата Заң – мемлекеттің саяси-құқықтық тірегі, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің басты негізі.
Кез келген тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы оның Ата Заңымен тығыз байланысты. Конституция – елдің қоғамдық-саяси құрылымын айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін, мемлекеттік билік жүйесінің қызметін реттейтін басты құқықтық құжат. Сондықтан оның қоғам өміріндегі орны ерекше.
2026 жыл Қазақстанның конституциялық даму тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. 15 наурызда республикалық референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бұл өзгеріс мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға және басқару институттарын заман талабына сай жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болды.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде ұлттық бірлік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, білім мен ғылымды дамыту, тарихи-мәдени мұраны қорғау секілді құндылықтар айқын көрініс тапқан.
Ата Заңның басты қағидаттарының бірі – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып қала береді. Бұл ұстаным азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне, заңды мүдделерінің қорғалуына және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарының нығаюына негіз болады.
Конституциялық өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту. Жаңа Конституцияға сәйкес, елімізде бір палаталы жоғары өкілді орган – Құрылтай институты қарастырылған. Сонымен қатар Вице-Президент лауазымы енгізіліп, Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа ұлттық диалог алаңын құру көзделген. Бұл институттар мемлекеттік басқару мен қоғамдық диалогтың жаңа тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Ата Заңда азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттеріне де айрықша мән берілген. Әр адамның сот арқылы қорғалуына, заң көмегін алуына, жеке өміріне қол сұғылмауына, сөз және шығармашылық еркіндігіне құқығы бекітілген. Сондай-ақ білім алу, еңбек ету, денсаулығын сақтау және қоғамдық өмірге араласу мүмкіндіктері конституциялық деңгейде қорғалады.
Мемлекеттің зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік сипаты да сақталған. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Сонымен қатар мемлекет Қазақстан халқының барлық тілін үйрену мен дамытуға жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.
Конституцияның маңызын тек мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін құжат ретінде ғана қарастыруға болмайды. Ол – әрбір азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты құқықтық негіз. Заңды білу, өз құқығын қорғау және өз міндетіне жауапкершілікпен қарау – құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғамның басты белгілері.
Әсіресе жас ұрпақтың Ата Заңды білуі, оның негізгі қағидаттарын түсінуі маңызды. Себебі елдің болашағы – білімді, отаншыл, заңға құрметпен қарайтын азаматтардың қолында. Осы тұрғыдан алғанда, мектептерде, білім беру ұйымдарында және қоғамдық ортада құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарының маңызы зор.
Қорытындылай келе, Конституция – тек құқықтық нормалар жинағы емес, ол – елдің бірлігі мен тұтастығын бекемдейтін, азаматтардың еркіндігі мен қауіпсіздігін қорғайтын ортақ құндылық. Ата Заңға құрмет – Отанға құрмет. Ал оның талаптарын сақтау мен қағидаттарын күнделікті өмірде басшылыққа алу – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
**Заң үстемдік құрған қоғамда ғана тұрақтылық орнап, елдің болашағы баянды болмақ.**
Заказать услугу
Оформите заявку на сайте, мы свяжемся с вами в ближайшее время и ответим на все интересующие вопросы.

