Тәуелсіздікке – 30 жыл

Тәуелсіздіктің бесігінде 30 жыл тербеліп, орда бұзар жасқа жеткен Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болдық. Бұл ата-бабаның қара күші, найзаның өткір ұшымен, мыңдаған халықтың шығынына ұшырап жеткен жеңісіміз. Қазақтың ұрыстан көз ашпаған сайын даласы сол тарихты мәңгіге қойнына бүгіп қалды. Ат үстінде қырылып, ату жасазына ілігіп, әділетсіздік пен опасыздықтың құрбаны болған дана қазақ халқы тәуелсіздікке әбден лайық. Бостандық пен дербестіктің тәтті лебі маңдайдан ескен желмен тең дегім келеді. 1991 жылы 16-шы желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы қалыптасты. Алайда, қан төгіп келген егемендікті ұстап тұрып қалудың өзі ол кезде көбінің қолынан келмей жатты. Сол заманғы дағдарыс, қаржылық тоқырау етек-жеңін жимаған жас мемлекетке соққы болды. Жас сәбидей қорғансыз ел едік. Бұл жерде ең басты әрі түпкілікті рөл атқарған әрине, саяси аналитика. Саяси сана, түсінік, көзқарастың мықты болуы. Сол кезде ел басшысы болып бекіген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасаған нақты қадамдары мен тәуекелге толы жүз шешімі болса керек. Дж.Вашингтон секілді саяси ыңғайлы ахуал жасаған мықты саясаткер. Елбасының ең үлкен жұмысы сыртқы саясатты мықтаудан басталды. Еуразиялық Одақ, БҰҰ секілді дүниежүзілік ұйымдар Қазақстан мемлекетінің бар екеніне, әлемдік бәсекеге қабылетті екеніне көз жеткізді.

Бұған дәлел 2010 жылы Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі. ЕҚЫҰ-ның тарихында алғаш рет басқару посткеңестік республикаға өтті. Қазақстан Азия мұсылман және түркітілдес әлем елдері тарихында бірінші болып, ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында алғаш рет еуразиялық кеңістіктегі ең беделді ұйымдардың бірі ретінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Бұл тәуелсіздігіміздің жиырма жылында жеткен жетістік еді. Бұдан кейін ел астанасы Нұр-Сұлтанда өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі – жаһандық ауқымдағы жиын деп танылды. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болатын тарихи оқиға және кез келген мемлекет үшін әлем аренасына үлкен жол ашатын дүниежүзілік шара.

Мен өз тарапымнан егеменді, дербес, зайырлы, демократиялық, ата заңы қалыптасқан тәуелсіз елде өмір сүргеніме бақыттымын. Ұлттар бірлестігі, халықтар достығы, таңдау жасау мүмкіндігі бар Еуропа мен Азияның жүрегінде тұрған жас мемлекетіме Эвересттей биік шың, көк жиектей шексіз даму тілеймін. Бабадан текті қазақ халқы жасай берсің!

Ботагөз Сембайқызы

Вернуться к списку