Рухымыз - Қазақ тілінде

Рухымыз – Қазақ тілінде «Адамның адамдық, ұлттың ұлттық ең жоғарғы қасиеті – тіл өткірлігі мойымасын, тіл сұлулығы кемімесін!» Ғабиден Мұстафин «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Отыз жылдан бері қазақ тілінің мәртебесі заң жүзінде жоғары болса да, қоғамда толық қолданыс пен мәртебеге ие болмай тұрғаны рас. Қазақ тілінің мәртебесі бүкіл қазақ елінің мәртебесі мен беделі екенің бүгінгі қоғам мен адамдардың түсінбей жүргені өкінішті. Ерте заманда жерді сақтап қалуда өмірін аямаған қазақ бабалары, тілді де осы қалпында ұрпаққа қалдырып кетеміз деп ойлаған болар?! Қазақ тілінің сипатына келсек, түркі тілдес халықтарының ішінде ең салиқалы деп айтар едім. Себебі, қай ақын, жазушыны алып қарасақ та оқу мен ұғынуға жеңіл. Біздің тілімізде «ч» әрпі қолданыста жоқ десе де болады. Есесіне, «Ж» мен «Ш» әріптері анық айтылады. Олай болса, қанымызда бар осындай әдемі тілді неге үйрене алмаймыз?! Басқа ұлттың өкілі қазақша судай сөйлесе қол соғып, разы боламыз да, ал өз қаракөздеріміздің басқа тілде шүлдірлегеніне неге мән бермейміз?. Басқа ұлт қазақша сөйлесе, ол өз тілін одан артық біледі. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп. Осы кезде Паустовскийдің: “Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға келді. Тіл-қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл-өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт- дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі- ана тілі. Тіл – кез келген мемлекеттің темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – өз халқымыздың рухани байлығы, кешегі күн мен келер шақтың айнасы. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» дегені естеріңізде ме?!. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің басты нысаны. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналғанымен, көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі және кейінге қалдыруға болмайтын мәселе. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағ¬дайларды жасауды жалғастырып, нығайта беруі керек деп есептеймін. Мем¬лекеттік тіл шын мәнінде ұлттық сая¬саттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналдырған жөн. Қазақ тілді басылымдар мен бағдарламаларды көбейтіп, киномотография саласында осы тіл тақырыбына басымдық берген дұрыс. Сүйемін туған тілді - анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім Шыр етіп жерге түскен минутімнен Құлағыма сіңірген таныс үнім – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай біздің емендей мықты ел болуымыздың кепілі Ана тіліміздің мәртебесін көтеру. Тілі мықтының, ертеңі ашық. Ботагөз Сембайқызы, журналист, «Алтын Қыран» төсбелгісінің иегері. «Нұр-Қорғалжын» газетінің редакторы.