Құрылтайда айтылған тіл мәселесінің маңыздылығы

Задать вопрос
30 апреля 2024

Құрылтайда айтылған тіл мәселесінің маңыздылығы

 

                 Осыған дейін алғаш рет ұлт ұясы Ұлытауда, кейін түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай биыл «Хан ордалы Сарайшықтың» іргесіндегі Атырауда өткендігі белгілі. Қазақ Елінің өркендеуі жолында келелі мәселелер көтерілген Күлтөбенің басындағы жиында көптеген келелі мәселелер көтерілді. Соның бірі, әрі әр отандасымыздың жүрегінен ойып тұрып орын алатын - тіл мәселесі. «Тілім барда айтылар сөз ойдағы» демекші, бұл жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу мәселесіне айрықша тоқталды. Тіл – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Сондықтан да қазір қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық делінді.

                     Мемлекет басшысы «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз» - деді.

Тәуеліздік алғалы бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолында талай жобалар жасалып, бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Жеткен жетістігіміз де жоқ емес. Бірақ, әлі де болса бұл мәселеде айтылар әттеген-айларымыз көп-ақ. Бұл ретте мемлекет басшысы «Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін» деді. Иә, шынымен де қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен қазақстандықтардың мемлекеттік тілде мейлінше еркін сөйлеуіне қолжеткізуде жалған ұран жарамас. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

          Бұл орайда «Қазақ тілі қоғамы» тарапынан ғана емес, жалпы еліміз бойынша бұл бағытта жасалып жатқан барлық жұмысты жүзеге асыруға қарқынды үлес қосу барша отандасымыздың ортақ міндеті. Тілге деген құрмет ел мен жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алса керек.

Құрылтайда айтылған ұтымды ұсыныстардың тағы бірі – жастарды кітап оқуға баулу. Оқуға құштар ұлт қалыптастырудағы мақсат та мемлекеттік тілді дамыту мәселесімен тамырлас. Әсіресе, қазақ тіліндегі басылымдардың санын арттыру да тіл төңірегіндегі түйінді тарқатуға серпін бермек.   

Ел Президенті Қ.Тоқаев экономиканы дамытуда «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі алға тартады. Оның да сыры мен мәні бар. Өйткені, мемлекеттік тілдің болашағы үшін де бұл мәселенің маңызы өте зор. Мемлекет басшысы «Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес» деді.

Яғни, мемлекеттік тіл, «Креативті индустрия», «Оқуға құштар ел» осы бір ауқымды мәнді қамтитын ұғымдардың ортақ үндестігін мемлекет басшысы Құрылтайда керемет үйлестіріп айтты.

Ендігі міндет айтылған осы бір ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру. Бұл ретте алғашында әрине бұқаралық ақпарат құралдарына артылары анық. Тілшілер үшінші Құрылтайда айтылған келелі мәселелерді халыққа барынша тарқата отырып, түсінікті тілмен жеткізсе тыңдар құлақ қана емес, оны орындауға деген ұмтылыс пен жігердің де қалыптасуына үлес қосары анық. Себебі, тіл мәселесін көтеруде бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.

 

Ботагөз Сембайқызы,

«Нұр-Қорғалжын» аудандық газетінің редакторы.

 

Заказать услугу
Оформите заявку на сайте, мы свяжемся с вами в ближайшее время и ответим на все интересующие вопросы.
Вернуться к списку